Мас халде автокөлік басқарып, жол-көлік оқиғасын жасаған ордабасылық қамауға алынды
Мас халде автокөлік басқарып, жол-көлік оқиғасын жасаған ордабасылық қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-ға полиция лейтенанты Мәден Темірден хабар келіп түскен. Онда таңғы сағат 08:30 шамасында жергілікті тұрғын өзінің басқаруындағы Mercedes benz-80 маркалы автокөлігін мас халде басқарып келе жатып, өз бағытында өтіп бара жатқан Mercedes benz-190 маркалы автокөлігіне соқтығысып, көлік құралының бүлінуіне алып келген.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Жол-көлік оқиғасын жасаған азаматқа қатысты медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес, масаң күйі белгілі болды. Тәртіп сақшылары жүргізушінің бұдан алдын мас халде автокөлік басқарғаныны үшін бес жылға көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.