Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас халде көлік басқарған тұрғын ұсталды

Түркістан облысының полицейлері жүргізуші куәлігінсіз мас халде көлік басқарған тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді. Осындай кезекті рейд барысында аудандық полицейлер сағат түнгі 01:50 шамасында қала көшелерін патрульдеп келе жатып, ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабында “Маневр жасау қағидаларын бұзу көрсетілген заңды бұзған “Шевролет” маркалы автокөлігін тоқтатты.

Полицейлер автокөлік иесінің құжаттарын тексере келе, оның 2018 жылы қазан айында Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы “Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру” бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады. Соған қарамастан жол ережесін бұзған жүргізуші заңсыз әрекетін қайталап, екінші рет мас халде көлік басқарған. Яғни жүргізушіге жүргізілген медициналық зерттеудің қорытындысына сәйкес, оның “орташа” дәрежелі масаң күйде екені расталды.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 346-бабы “Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру” бойынша тіркелді.

Негізінде жол-көлік оқиғалары көбіне осылай рөлге мас күйде отыру салдарынан болады. Сондай-ақ жиі жол апатын тудыратын жайттар: жылдамдықты асыру, маневр жасау ережесін бұзу, көше қиылыстарын дұрыс өтпеу, қарсы бағытқа шығу. Жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың да жолда жүру ережесін бұзуы жол-көлік оқиғасына әкеп соғады. Сондықтан жолда жүргенде жол ережесін сақтау көлік жүргізушісіне де, жолаушыға да, жаяу жүргіншіге де қатысты. Ең бастысы ішімдік ішіп, көлік тізгіндемеңіз. Бұл өз өміріңізбен қатар, өзгенің де өміріне қауіпті болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру