Мас күйде балағат сөздер айтқан шетелдік азамат ұшақтан түсірілді
Алматыда мас күйде балағат сөздер айтқан шетелдік азамат ұшақтан түсірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 тамыз сағат 07:40-та Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне «Air Astana» әуекомпаниясының өкілдерінен «Алматы – Дели» бағытындағы рейстің жолаушысына қатысты шара қабылдау туралы хабарлама келіп түсті.
Тексеру барысында көлік полицейлері 48 жастағы Үндістан азаматын анықтады. Ол ұшаққа отырғызу кезінде масаң күйде болған. Шетелдік азамат өзін өте дөрекі ұстап, балағат сөздер айттып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Әуе кемесі командирінің актісі бойынша тәртіп бұзушы ұшақтан түсірілді.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, құқық бұзушыда алкогольдік масаңдықтың «орташа дәрежесі» анықталды.
Шетел азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері департамент қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 28301 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 2915 адам алкогольдік ішімдік ішкен немесе қоғамдық орындарда масаң күйінде болған.