Мас күйінде көлік тізгіндеген павлодарлық ерлі-зайыптылар сот шешімімен қамауға алынды
Мас күйінде көлік тізгіндеген ерлі-зайыптылар сот шешімімен қамауға алынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған ерлі-зайыптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Павлодар–Успенка автожолында патрульдік қызмет атқарған полиция қызметкерлері Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатып, жүргізушімен тілдесу барысында одан алкогольдің өткір иісін байқаған.
Кейін медициналық сараптама күдіктерді растап, жүргізушінің мас күйде болғанын анықтады. Тексеру барысында көлік иесі – оның жұбайы екені, ал ер адамның мас күйінде рульге отырғаны белгілі болды. Ерлі-зайыптылар алкогольді бірге ішкеннен кейін көлікті айдауға шешім қабылдаған.
Полиция департаментінің хабарлауынша, құқық бұзушылық фактісі бойынша іс сотқа жіберілген. Нәтижесінде ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Ал оның жұбайы – мас адамға көлікті басқаруға рұқсат бергені үшін 20 тәулікке қамауға алынды.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертіп, мұндай жауапсыз әрекеттердің салдары ауыр болатынын еске салды.