Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас күйінде көлік жүргізген павлодарлық ұсталды

Мас күйінде рөлге отырған павлодарлық тұрғын жол қозғалысы қауіпсіздігіне бейжай қарады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – жүргізуші мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауына тікелей байланысты. Алайда көлік құралын мас күйінде басқару сынды өрескел құқық бұзушылықтар әлі де кездесуде. Бұл – тек заң бұзушылық қана емес, адам өміріне төнген үлкен қауіп.

Мұндай сорақы жағдайлардың бірі жуырда Павлодар облысында тіркелді. Шарбақты ауданына қарасты Жаңаауыл ауылы маңында полиция қызметкерлері ВАЗ-21099  автокөлігін тоқтатты. Көлік жүргізушісімен әңгіме барысында оның мас күйде екені аңғарылды. Медициналық куәландыру жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішкенін растады. Бұдан бөлек, тексеру барысында ер адамның бұған дейін өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Құқық бұзушының автокөлігі арнайы тұраққа қойылып, оқиға бойынша тексеру амалдары жүргізілуде.

Бұл оқиға – мас күйінде көлік жүргізудің тек жүргізушінің емес, айналасындағылардың да өміріне қатер төндіретінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Полиция өкілдері тұрғындарға көлікке мас күйінде отыруға жол бермеу – әр азаматтың азаматтық парызы екенін ескертеді. Өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қарау қажет.

Құқық қорғау органдары аймақ тұрғындарын мұндай фактілерге немқұрайды қарамауға шақырады. Егер сіз мас күйінде көлік жүргізіп жатқан адамды байқасаңыз, бірден "102' нөміріне немесе "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы хабарлауыңызға болады.

Есте ұстаңыз: мас күйінде рөлге отыру – бір сәттік немқұрайдылықтың қайғылы салдарға алып келетін қадам. Өз өміріңізді және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірін сақтаңыз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру