Мас күйінде трактор жүргізген павлодарлық ұсталды
Ауыл тұрғыны мас күйінде трактор жүргізіп, ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық шарасы аясында Успен ауданы Лозовое ауылы маңында патрульдеу жүргізген полицейлер МТЗ-80 маркалы тракторды байқап, тоқтатты.
Әңгімелесу барысында жүргізушіден алкоголь иісі сезіліп, ол дереу медициналық куәландыруға жіберілді. Тексеру қорытындысы ауыл тұрғынының мас күйде көлік басқарғанын дәлелдеді. Белгілі болғандай, ер адам қызының туған күнін атап өтіп, бір күн бұрын ішімдік ішкен.
– Құқық бұзушыға қатысты іс құжаттары толтырылып, сотқа жолданды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды, – деді Успен аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Мадияр Тұрсынбаев.
Полиция қызметкерлері барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
"Заң және тәртіп" қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және жолдағы тәртіпті сақтауға бағытталған ішкі істер органдары жұмысының басты ұстанымы. Әрбір құқық бұзушы өз әрекеті үшін міндетті түрде жауап беретін болады.