Мас қарағандылықтар «ВАЗ-2101» автокөлігін ұрлап кетті
Қарағандылық полицейлер көлік ұрысын «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 сәуір түнгі сағат 3.00 шамасында 26 жастағы қала тұрғынынан Қарағанды қаласының ПБ жедел басқару орталығына хабарлама келіп түсіп, белгісіз адамдар оның «ВАЗ-2101» автокөлігін ұрлап кеткені туралы шағымданды. Келтірілген шығын 500 мың теңгені құрайды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қарағанды қаласының ПБ Патрульдік полиция полкінің авто-патрульдік экипажы қала көшелерінің бірінде ұрланған көлікті байқап қалып соңына түседі. Көліктің салонындағы адамдар полицияның тоқтау туралы талаптарына бағынбай, қашып кетуге тырысқан. Қашқан ұрылар бордюр арқылы өтіп кетіп, көлікке айтарлықтай зиян келтірген. Көліктен жүгіріп шығып, әртүрлі бағытта шашырай қашқандарды, полиция қызметкерлері санаулы минутта ұстады. Көлік ұрлаушы екі ер адамның екеуі де 26 жаста.
Ұсталғандардың екеуі де медициналық анықтамаларға сәйкес алкогольдік мас күйінде болған.
ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Ұрлық мақсатынсыз көлік құралын заңсыз тартып алу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.