Мас жүргізуші әкімшілік қамауға алынды
Түркістан облысының полицейлері «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы барысында мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы аясындағы рейд кезінде Мақтаарал АПБ ЖПҚ патрульдік полиция қызметкерлері ауыл көшелерінің бірінде «ВАЗ» маркалы автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің мас халде болғанын анықтады. Сонымен қатар оны медициналық куәландыруға жеткізді. Қорытындыға сәйкес, ер адам көлікті «орташа» дәрежелі мас күйінде басқарған.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйде көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамға беруі) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдарды полицейлер заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді. Нәтижесінде сот шешімімен «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында Түркістан облысының аумағында тиісті қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және қылмыстарды ашу, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау бойынша жұмыстарды жандандыруға бағытталған «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге абай болу және жол ережесін бұзбау қажеттігін ескертеді. Жылдамдықты асырмаңыз, қарсы жолға шықпаңыз, маневр жасау ережелерін бұзбаңыз және ең бастысы мас күйде рульге отырмаңыз.
Жүргізуші есіңізде болсын: сіздің өміріңіз ғана емес, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де сіздің жол ережелерін сақтауыңызға байланысты.