Мас жүргізуші қамауға алынды
Түркістан облысының полицейлері мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлері облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, қоғамдық көлік және такси жүргізушілері жол беретін жол жүрісі қағидасын бұзушыларды анықтау, жолын кесу, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын төмендету болып табылады. Осы тұста Мақтаарал АПБ қызметкерлерімен іс-шараның үш тәулігінде жалпы 150 адамға қатысты әкімшілік бұзушылықтар жасағаны анықталды. Іс-шараны өткізу кезінде Мақтаарал ауданы полицейлері күшейтілген қызмет түріне көшірілді. Ауыл-қала, елді мекендерден шығатын және кіретін жолдардың барлығына жылжымалы нарядтар қойылды. Жеке құрам негізінен жол ережесін қасақана өрескел түрде бұзушылар мен мал ұрлығымен айналысушыларды анықтауға бағытталды.
Мәселен, Мақтаарал АПБ ЖПҚ патрульдік полиция қызметкерлері рейд барысында ауыл көшелерінің бірінде «Volkswagen Golf» маркалы автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің мас халде болғанын анықтады. Сонымен қатар оны медициналық куәландыруға жеткізді. Қорытындыға сәйкес, ер адам көлікті «орташа» дәрежелі мас күйінде басқарып келе жатқаны белгілі болды.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйде көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамға беруі) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аталмыш көлік айптұраққа қойылды. Жиналған материалдарды полицейлер заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді. Нәтижесінде аудандық соттың қаулысымен мас халде көлік тізгіндеген жүргізуші жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға ішімдік ішіп көлік басқармауды ескертеді. Оған қоса ауа-райының салқындауына байланысты жолда барынша сақ болыңыздар деп кеңес береді.