Мас жүргізуші қамауға алынды
Қызылорда облысында бұрын көлік басқару құқығынан айырылса да көлік жүргізіп жүрген мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында 13 қаңтар күні сағат 21:08-да Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе-Қаратөбе тас жолында учаскелік полиция инспекторы «ВАЗ-2106» автокөлігін тоқтатқан.
Тоқтату барысында автокөлікті басқарып келе жатқан 42 жастағы аудан тұрғынынан алкогольдік ішімдіктің иісі шығып тұрған. Бұдан басқа аталған азаматтың сот шешімімен 2018 жылғы 10 сәуірде үш жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылғаны, алайда оның көлікті мас күйінде қайта басқарып, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіргені белгілі болды.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Жүргізуші аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл орайда жол – көлік оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарына жолдағы жауапкершіліктерін күшейтуді ескертеді.