Мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады
Қызылорда облысында бұрын көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қаңтар күні сағат 22:00-де Жаңақорған ауданында екі автокөлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алды.
Тексеру барысында жүргізушілердің бірінің көлікті мас күйінде басқарғаны белгілі болды. Бұған қоса, ол сот шешімімен 2019 жылдың қазан айында үш жылға көлік басқару құқығынан айырылған. Алайда, бұған қарамастан аталған азамат мас күйінде қайта көлік тізгіндеген.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 2-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
37 жастағы облыс тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарына жолдағы жауапкершіліктерін күшейтуді ескертеді.