Мас жүргізушілерге қатысты жаза күшейтілді
Ақтөбе облысының тас жолында көлікті мас күйде басқарған жүргізуші қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 мамырда сағат 14.30-да Мәртөк ауданы Кеңсахар ауылының жанында «Ақтөбе-Орынбор» тас жолының 55 шақырымында полиция қызметкерлері Кеңсахар ауылының 30 жастағы
тұрғынының басқаруындағы ресейлік есеппен «ВАЗ-21043» автокөлігін тоқтатқан. Белгілі болғандай, жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі бойынша (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқару) сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізуші қамауға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 11 қаңтарында күшіне енген заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес Қазақстанда көлік құралдарын мас күйінде басқарған, көлік құралдарын басқару құқығынан бұрын айырылған жүргізушілерге қатысты жаза қатаңдатылды. Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті тұрғындардың алкогольмен және есірткімен мас күйінде көлік құралдарын басқармауын сұрайды және ескертеді. Сіздің ойланбаған іс-әрекеттеріңізден кінәсіз адамдар зардап шегуі мүмкін.