Маскүнемдер полицияның жіті бақылауында
Алматы облысы Кербұлақ ауданында арнайы есепте барлығы 68 маскүнем бар, олармен учаскелік полиция инспекторлары тарапынан күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, жүріс-тұрысы қатаң бақылауға алынады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 440 бабына сәйкес 115 әкімшілік хаттама толтырылып, құқық бұзған адамға айыппұлдар салынды. Әкімшілік кодекстің 73-бабы бойынша 27 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Спирттік ішімдіктерді шамадан тыс пайдаланып отбасы-тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасауға бейім төрт адам арнайы емдеу мекемесіне мәжбүрлі түрде маскүнемдіктен емделу үшін жолданды, – деп жеткізді Алматы облысы Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Ербол Ахметқалиев.
Жүргізілген профилактикалық алдын-алу іс-шаралардың нәтижесінде, мас күйінде жасалған қылмыстар саны төмендеп отыр. Сондай-ақ, жыл басынан бері 47 құқық бұзушыға қатысты «қорғау нұсқамалары» шығарылды, сот органдары арқылы 10 адамның мінез-құлқына ерекше талаптар орнатылып, аталған адамдар Кербұлақ АПБ профилактикалық есебіне қойылды.
– Профилактикалық есепте тұрған бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында жұмыспен қамту орталығы, аудан әкімдігімен бірлесе маусымдық жұмыстарға тартылып отыр. Сонымен қатар май күйінде жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды алдын алу және болдырмау мақсатында дүкендерде жасөспірімдерге арақ-шарап сатудың уақытын ұстанбаған сатушыларға айыппұлдар салынып шаралар қолданылады, – деп толықтырды Ербол Ахметқалиев.