Мәжіліс депутаттары ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери бөліміне барды
Ақтөбе қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 6655 әскери бөліміне Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазыбек Әлішев, Жұлдыз Сүлейменова іссапармен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іссапар барысында депутаттар Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 6655 әскери бөлім командирінің бірінші орынбасары-штаб бастығы Абдумарат Ташимбетов депутаттарды әскери бөлімнің жауынгерлік қызметі және әскердің жеке құрамына жүктелген құқық қорғау міндеттерін баяндады. Сонымен қатар Ұлттық ұлан әскерінің жауынгерлік қызметтерді орындаудағы бірқатар мәселені талқыланды.
Қонақтар әскери бөлімнің негізгі міндеттерімен, бөлімнің инфрақұрлымымен, сондай-ақ сарбаздардың казарма үй-жайларымен, әскери техника және қару-жарақтарымен танысты.
– Әскери қызметші болу – бұл үлкен құрмет және үлкен жауапкершілік. Патриоттық рухтарыңыз өз Отаныңызды қорғауға, оның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге дайындығыңыздан көрінеді. Мемлекет өз кезегінде сыртта қалмай жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасайды, – деп атап өтті Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Одан бөлек құқық қорғау қызметін атқару тәртібін жетілдіру, әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауапкершілігін арттыру мәселелері бойынша Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жеке құрамға жеткізді.
– Ұлттық ұлан – еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының сенімді тірегі. Қазіргі уақытта заңнама тұрғысынан әскери құрылымдарға мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға 14 айға кредиттік демалыс беріледі, – деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Кездесу соңында мәжілісмендер әскери қызметшілерге алғыс білдіріп, олардың елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы жолындағы адал қызметіне табыс тіледі.