Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мәжіліс депутаттарына ҚР ІІМ Ұлттық ұланының санитарлық ұшағы таныстырылды

Мәжіліс депутаттарына ҚР ІІМ Ұлттық ұланының санитарлық ұшағы таныстырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл мамандандырылған әуе көлігі төтенше жағдайларда зардап шеккендерді эвакуациялауға және оларға медициналық көмек көрсетуге арналған.

- Авиациялық базаны одан әрі дамыту мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Біз өзара іс-қимыл жасайтын органдарға жан-жақты техникалық қолдау көрсетеміз, - деп атап өтті ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков

Авиабаза командирі Дмитрий Бастер қонақтарға құқықтық тәртіп әскерлерінің авиациялық қызметін дамытудың жай-күйі мен перспективалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Депутаттарға жарақат алған 30 адамды бір мезетте санитарлық жағдайда тасымалдауға арналған Y8F200WA ұшағы көрсетілді. Бұдан бөлек, мәжілісмендер назарына Ми-171Е тікұшағы ұсынылды. Тікұшақ санитарлық мақсатта да пайдаланылады, ал оның экипажы түнгі уақытта және күрделі ауа райы жағдайларында ұшуға әзір.

Депутаттар үшін әскери бөлімнің даңқ мұражайында экскурсия өткізілді. Сондай-ақ олар тамақтандыруды ұйымдастыру шарттарымен, инженерлік-техникалық және ұшқыштар құрамының үлес нормаларымен танысты. Кездесу барысында қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға елеулі әсер ететін бірқатар мәселе қозғалды.

Депутат Айгүл Құспан Ұлттық ұланның әскери қызметшілері елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға күнделікті үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ ол айтылған мәселелер төменгі палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің назарында болатынын және оларды шешу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын тілге тиек етті.

Айта кетейік, ҚР ІІМ Ұлттық ұланның ұшқыштары халықаралық оқу-жаттығулар мен ұйымдасқан қылмысқа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі арнайы операцияларды жүргізуде. Сирия, Түркия және Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу жөніндегі халықаралық миссияларды жүзеге асыру кезінде өздерін жақсы қырынан көрсете білді.

Анықтама үшін: құқықтық тәртіп әскерлерінің авиациясы ҚР Ішкі істер министрлігінің күштік құрамдас бөлігі болып саналады. Ұлттық ұлан авиабазасы ҚР Қарулы Күштерінің авиациялық құрамалары мен бөлімдерін және ҚР ҰҚК Шекара қызметін біріктіретін Қазақстанның мемлекеттік авиациясының құрамына кіреді.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру