Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мейірім мен тәртіп жолында

Атырау облысында полиция инспекторы қызметінің қыр-сырымен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz

Асылай Инматқызы – Атырау қалалық полиция басқармасының №2 учаскесінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келеді.

Қызметінің негізгі бағыты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен олардың отбасыларымен тығыз жұмыс жүргізу, мектептер мен білім беру ұйымдарымен бірлескен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыру. Сонымен қатар түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүрген жасөспірімдерді анықтау, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету де – инспектордың күнделікті міндеттерінің бірі.

Инспектор Асылай Мұғиева осы салада бірнеше жылдан бері абыройлы қызмет етіп келеді. Ол кәмелетке толмағандардың арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында мектеп оқушыларымен жүйелі түрде кездесулер өткізіп, заңға бағынудың маңызын түсіндіреді. Қиын жағдайдағы отбасыларға барып, ата-аналармен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Сонымен қатар есепте тұрған жасөспірімдердің мінез-құлқын түзетуге бағытталған әлеуметтік қолдау тетіктерін ұсынып, оларды қоғамға бейімдеу бағытында білім және әлеуметтік мекемелермен бірлесе жұмыс істейді.

Кәмелетке толмағандармен жұмыс – тек заң талаптарын білумен шектелмейтін, үлкен төзімділік пен адамгершілікті қажет ететін сала. Бұл бағытта Асылай Инматқызы өзінің кәсіби біліктілігімен, шынайы жанашырлығымен және әділ көзқарасымен ерекшеленіп келеді. Ол әр баланың тағдырына бейжай қарамай, олардың болашағы жарқын болуына өз үлесін қосуға ұмтылады.

Қызметіне деген адалдығы мен балаларға деген қамқорлығының арқасында әріптестері мен ата-аналардың сеніміне ие болған инспектор – қазіргі қоғамда бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып жүрген жауапты маман.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру