"Мейірім жүректен басталады": Ақтөбеде ішкі істер органдарының ардагері оқушылармен кездесті
Полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектепте "Жас сақшы" сыныбының оқушылары үшін ерекше кездесу ұйымдастырды. Кездесудің құрметті қонағы - Ақтөбе облысы ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Ғалым Даулеталин болды., – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқушылармен әңгімелесу барысында ардагер мейірімділік пен жанашырлық, игі істер жасаудың маңызы, айналаға көмек қолын созу және адамның өмірінде олардың рөлі туралы талқылады.
Ардагер "Мейірім жүректен басталады. Адамдардың бір-біріне жақсылық жасауы, оларды достастырады" дей отырып, ата-ананың баласына деген мейірімі, үлкенге құрмет көрсету, әлсізге қамқор болу сияқты құндылықтарға ерекше тоқталды.
Жас сақшылар жақсылық пен жамандық, қайырымды болу туралы ойларын жеткізіп, қонаққа өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Отанына деген мақтаныш сезімі, батылдық пен адалдық қағидаттары да ардагердің назарынан тыс қалған жоқ. Жас сақшылардың сұрақтарына жауап бере отырып, Ғ.Даулеталин балаларға полиция қызметкері қандай қасиеттерге ие болуы керек екенін айтып, өзінің балалық шағы мен қиындық мен қызыққа толы қызмет жолы туралы әсерлі әңгімелеп берді.
Шара соңында полиция қызметкерлері оқуда озат болып жүрген жеті жас сақшыға алғыс хат табыстады. Балалар қонақтарға қызықты сабақ үшін алғыс айтып, қайырымды болуға, Отанның лайықты қорғаушысы болуға уәде берді.