Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мейірімге толы жүрек: сотталғандар шағалаларға пана болды

Павлодар облысында сотталғандар шағаланың жетім қалған қос балапанын асырап алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №46 мекемеде ерекше әрі жүректі жылытқан оқиға болды. Бұл жағдай адамгершілік пен мейірімнің ең күтпеген жерде де өмір сүре алатынын дәлелдеді.

Мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтар күміс шағаланың екі балапанын құтқарып, бірнеше ай бойы оларға қамқорлық жасауда.

Оқиға маусым айында басталған. Мекеме аумағынан екі әлсіз шағала табылған: бірінің қанаты жараланып, ұша алмай қалған, ал екіншісі тым жас әрі әлсіз болғандықтан, тобынан қалып қойған. Сотталғандар бейжай қарамай, олардың өмірін сақтап қалуға бел буды.

Қолда бар материалдардан өздері тор жасап, жылы орын әзірлеп, күн сайын тамақ беріп, балапандардың жағдайын қадағалап отырды.

— Бұлар шамасы күміс шағалалар болса керек. Әдетте олар Каспий теңізінің жағалауында мекендейді. Біз олардың өліп қалуын қаламадық. Қазір қанаттары қатайып, әлденіп келеді. Дайын болғанда табиғатқа қайта ұшып кетеді. Бұл біз үшін қуанышты сәт болады, — дейді сотталғандардың бірі.

Бірнеше ай бойғы қамқорлық бұл кішкентай құстардың ғана емес, адамдардың өз жүрегін де өзгертті. Екі балапанның оқиғасы — адам бойындағы ізгілік пен үміттің ешқашан өшпейтінін көрсететін жарқын мысал.

Мейірім мен қамқорлық — кез келген жанның өмірін жарық етіп, адамгершіліктің ең жоғары көрінісін паш етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру