Мейрамханаға ұрлыққа түскен екеу ұсталды
Қарағандылық қаскөйлер мейманханадан құны 2 миллион 625 мың теңге тұратын мүлікті қолды қылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 ақпан күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне 20 жастағы кәсіпкер жүгінген. Азаматша өз арызында белгісіз біреулердің оған тиесілі мейрамханаға заңсыз кіріп, құны 2 миллион 625 мың теңге тұратын мүлкін жымқырып кеткендігі туралы жазған.
Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 32 және 25 жастағы екі азамат ұсталып, олар қылмыстарын мойындады. Күдіктілерден айғақ заттар тәркіленді.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.