Мекеме жұмысшысы 126 дана жол бордюрлерін ұрлап полицияға ұсталды
Атырау облысының Индер ауданында полицейлер ұрлық қылмысын әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аудан тәртіп сақшылары кент ішіне жол салып жатқан ЖШС-нің біріне тиесілі 126 дана жол жиектері – бордюрлердің қолды болғанын анықтады. Жедел іздестіру шаралары барысындар қылмысқа күдікті анықталып, ұсталды.
Ұры алыстан келмепті, мекеме жұмысшыларының бірі болып шықты.
– Тексеру барысында, бөтеннің мүлкін жымқырған азамат, оны аудан тұрғынына 30 мың теңгеге сатып жібергені де белгілі болды, – деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаев.
25 жастағы ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚК-нің 188 бабы (Ұрлық) бойынша жүргізілуде.