Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мекемедегі тігіншіден ателье иесіне дейін

СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №50 мекемесінде жазасын өтеушілердің бірі қиын жағдайға қарамастан өмірін өзгертуге болатынын дәлелдеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазасын өтеп жүргенде ол уақытты босқа өткізбей, тігінші мамандығы бойынша оқудан өтті. Алғашқы сабақтардан-ақ өзін жауапты әрі талантты шәкірт ретінде көрсетті: оның жұмыстары сапасымен және жылдамдығымен ерекшеленді. Мекеме қызметкерлері оның әрдайым дамуға ұмтылатынын айтады.

Балалық шағында ол киім дизайнері болуды армандаған еді, бірақ тағдыр басқа жолға салды. Дегенмен, дәл осы мекеме қабырғасында ол өз мақсатын қайта тауып, күшіне деген сенімін оралтты. Мамандық алып, мекеме аумағында тігінші болып еңбек ете бастады.

Көптен күткен бостандық күні келгенде, қызметкерлер онымен әңгімелесіп, алға ұмтылу ниетін қолдады. Сол қолдау оның бала арманына жетуіне түрткі болды.

Бостандыққа шыққаннан кейін ол алдымен ательеге жұмысқа орналасып, мамандығы бойынша алғашқы тәжірибе жинақтады. Біраз уақыт өткен соң өз кәсібін ашуға бел буды. Бүгінде оның қасында бірлескен ісіне сенетін командасы бар, олар бірге тапсырыс бойынша киім тігумен айналысады.

Бұл әйелдің тарихы – білім мен еңбектің табысты қайта әлеуметтенудің кілті екенінің айқын мысалы. Қазіргі таңда СҚО бойынша ҚАЖ мекемелерінде 622 сотталған еңбекпен қамтылған. Олардың базасында 16 жеке кәсіпкерлік пен ЖШС жұмыс істейді, бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа оқу жылына қарай облыс мекемелерінде 11 мамандық бойынша 240 сотталған қабылданды. Ең көп сұранысқа ие және ерекше бағыттардың қатарында – тігінші, құрылыс мамандықтары, сондай-ақ бал ара шаруашылығы мен ландшафтық дизайн бар.

Бұл деректер білім мен еңбектің тек мамандық алып қана қоймай, бостандыққа шыққан соң да өмірде өз орнын табуға көмектесетінін көрсетеді.

— Мамандық – жаңа өмірге мүмкіндік береді. Ең бастысы – өзіңе сену және мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану керек. Сонда өткен қателіктер жаңа тарихтың бастамасына айналуы мүмкін, – дейді кейіпкеріміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру