”Мектепке жол” акциясы Павлодар облысының полициясында басталды
”Мектепке жол” акциясы Павлодар облысының полициясында басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Мектепке жол” қайырымдылық акциясы Павлодар облысының Полиция департаментінде де басталды, іс-шара жыл сайынғы дәстүрге айналды. Акцияны Май ауданының полиция қызметкерлері де қолдады.
Осы акция аясында полицейлер үш баланы тәрбиелеп отырған жас анаға көмектесті. Тәртіп сақшылары бүлдіршіндерге мектеп формасы мен кеңсе заттарын сатып алды.
– Балалардың қуанышты жүздерін көру – біз үшін ең үлкен алғыс. Сондай сәттерде жанға жылу мен жарық түседі. Балаларға жақсы және жеңіл оқу, ең бастысы мықты денсаулық тілейміз. Біз бұл акцияның игі дәстүрге айналғанына өте қуаныштымыз, акция жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізіледі. Әлем балалары бақытты болсын, – дейді полиция қызметкері Айымгүл Абдугаликова.
Полиция қызметкерлері кеңсе тауарларының толық жиынтығын, бастауыш сынып оқушыларына қажет нәрсенің бәрін сатып алды.
Өз кезегінде, балалардың ата-аналары полицейлерге үлкен алғыстарын білдірді.