"Мектепке жол" – балаларға қуаныш сыйлаған ізгі шара
Қызылорда облысында пробация есебінде тұрған азаматтардың балаларына мектепке қажетті оқу құралдары тарту етілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Арал аудандық прокуратурасының үйлестіруімен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен пробация қызметі бірлесіп, пробация есебінде тұрған азаматтардың балаларына арналған дәстүрлі "Мектепке жол" қайырымдылық акциясын өткізді.
Шараның басты мақсаты – әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына даярлау, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету.
Акция барысында балаларға мектепке қажетті оқу құралдары мен сөмкелер сыйға берілді. Қуанышты сәтке куә болған ата-аналар мен балалардың жүздерінен шаттық пен ризашылықтың нұры айқын сезілді.
Іс-шарада ата-аналардың бірі өз алғысын білдірді:
- Балаларымыздың қуанышын көріп, біз де ерекше толқыдық. Осындай қамқорлық пен қолдау бізге үлкен демеу болады. Ұрпағымыздың білімді, тәрбиелі азамат болып өсуіне жол ашып отырған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – деді ол.
Бұл қайырымдылық акциясы балалардың мектепке баруға деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың қоғамға сеніммен қадам басуына мүмкіндік берді.