Мектептегі жанжалдан оқушы пышақ жарақатын алды
27 қаңтарда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында мектептің жоғары сынып оқушыларының арасында жанжал туындап, нәтижесінде 16 жасар жасөспірім пышақ жарақатын алды.
Полиция инциденттің барлық қатысушыларын анықтады. Аталмыш қылмысты жасады деген күдікпен 9-сынып оқушысы ұсталды. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіруге оқталу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
28 қаңтарда Шалқар қаласының № 8 орта мектебінің базасында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында Ақтөбе облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов білім беру бөлімінің өкілдерімен, ата-аналармен және жоғарғы буын оқушыларымен жиналыс өткізді.
«Жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу отбасының, сондай-ақ мектептің алғашқы міндеті болып табылады. Тәрбие отбасынан басталуы керек. Ата-аналар баланың қайда екенін білуі тиіс. Полиция оқу орындарында алдын алу шараларын өткізуде. Бірақ, бұл аздық етеді. Біз қоғаммен бірлесіп оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтарға қарсы тұруға тиіспіз» – деп атап өтті Қ. Нұрмағамбетов.
Полиция алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмау, сондай-ақ жанжалға және осы қылмысты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау бойынша шаралар қабылдайды.