Мемлекеттен жәрдемақы алып беремін деп тұрғындарды алдаған әйел анықталды
Түркістан облысында мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы алып беремін деп тұрғындарды алдаған әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғындар арызданды. Олардың айтуынша, танысы кәсіп бастау үшін мемлекеттен берілетін 580 мың теңге жәрдемақы алып беремін деп әбден сеніміне кірген. Осылайша бірінші жәбірленуші әйелден – 70 мың теңге, екіншісінен – 140 мың теңге, үшінші әйелден 70 мың теңге ақша алған. Алайда бір жылдан аса уақыт өтсе де, берген уәдесін орындамай жүре берген. Келтірілген шығынның жалпы көлемі – 280 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Тәртіп сақшылары хабар алған бойда жедел іске кірісті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде орта жастағы әйел анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті мен жәбірленушілер өздерінің ортақ таныстары арқылы танысқан. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.