Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мемлекеттік фельдъегерлік қызметке 30 жыл толды

20 желтоқсанда Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өкілдері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі 1991 жылы Үкімет қаулысымен құрылды. Бұл қызметтің басты міндеті – аса маңызды және құпия хат-хабарларды жеткізу, сондай-ақ, басқа мемлекеттердің фельдъегерлік қызметтерімен өзара байланыста болу. Фельдъегерлер мемлекеттік мекемелердің, жоғары билік пен басқару органдарының және жоғары әскери қолбасшылықтың құжаттарын жеткізеді.

Мереке күні фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері мен ардагерлері марапатталды. Салтанатты шараға Президент Әкімшілігінің, Премьер-министр Кеңсесінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысты.

Көпшілік фельдъегер мамандығының бар екенін, оның қыр-сыры неде екенін түсіне бермейді. Соған қарамастан, мемлекеттік маңызы бар хат-хабарларды жеткізу – бұл көптеген дағдылар мен үлкен жауапкершілікті қажет ететін қызмет екенін ұғу қиын емес.

Атаулы күнде марапатталғандардың бірінің айтуынша, фельдъегерлік қызмет қызметкерлері өзін-өзі қорғау дағдыларына ие болуы керек, атыс қаруын қолдана білуі қажет және шабуыл болған жағдайда өзіне жүктелген хабарды немесе құжатты кез-келген жолмен қорғауға дайын болуы шарт.

«Бұл қызметте адам психологиялық сипаттағы қасиеттерге ие болуы керек. Сонымен қатар білімді және заңды жақсы меңгерген болуы қажет. Физикалық көрсеткіштер де өте маңызды. Неге десеңіз, біз аса маңызды құжаттармен жұмыс істейміз. Бізге сеніп тапсырылған құжат автоматты түрде тиісті адамның қолына жетуі қажет. Қызмет барысында әр түрлі жағдайлар кездесуі мүмкін, соған дайын болу керек», – деп атап өтті Түркістан қаласы МФҚ бастығы Сапарғали Сәбитов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру