Мемлекеттік қызметтер: полицияның халықпен өзара іс-қимылдағы жаңа тәсілдері
Полиция қоғамдық тәртіпті сақтап қана қоймай, құжаттарды рәсімдеу, көлік құралдарын тіркеу, заңнаманың сақталуын бақылау және басқа да әкімшілік қызметтерді ұсыну бойынша функцияларды атқарады.
Ішкі істер органдары халыққа мемлекеттік қызметтің 55 түрін көрсетеді. Оның бағыттарын қоса санағанда - 122, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2024 жылы полиция тұрғындарға 12 млн мемлекеттік қызмет көрсетті.
Қазіргі уақытта ІІМ-нің барлық дерлік қызметі автоматтандырылған. Бұл оларды аз уақыт ішінде алуға мүмкіндік берді.
Мысалы, егер бұрын төлқұжаттар мен жеке куәліктер екі ай ішінде берілсе, қазір бұл мерзім 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Ал құжаттарды дайындау орталықтары бар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында өтініш беруші жеделдік үшін арнайы түбіртекті төлеп, құжаттарды бір жұмыс күні ішінде ала алады.
Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктерге елде тұруға ықтиярхат беру және азаматтығы жоқ адамдарға куәлік беру мерзімі екі аптаға қысқартылды. Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қарау және келісу тоғыз күнге қысқартылды. Сондай-ақ автокөлікті қайта тіркеу уақыты үш жұмыс күнінен 90 минутқа дейін және жүргізуші куәлігін ауыстыру бір жұмыс күнінен 40 минутқа дейін азайтылды.
ІІМ-мен жүргізілген тағы бір шара – мемлекеттік қызметтерді смартфондарға шығару. Бүгінгі таңда ең көп қолданылатын сегіз қызмет электрондық үкімет және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді.
Олар:
- автокөлікті тіркеу;
- жүргізуші куәлігін беру;
- тұрғылықты жері бойынша тіркеу;
- тіркеуден шығару;
- шекара маңы аумақтарының тұрғындары үшін мекенжайды растау;
- тұрақты тұрғылықты жеріне шығуды ресімдеу;
- автокөлікті қайта жабдықтау;
- шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат ресімдеу.
2024 жылы мобильді қосымшалар арқылы 2,7 млн, ал 2025 жылдың екі айында 546 120 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
2022 жылдың шілдесінде "Цифрлық құжаттар" жобасы іске қосылды. ІІМ бұл сервиске жеке куәлік, төлқұжат, шетелдіктің ҚР-да тұруға ықтиярхаты және азаматтығы жоқ адамның куәлігін енгізді. Енді азаматтарға құжаттардың түпнұсқаларын алып жүрудің қажеті жоқ. Оның орнына цифрлық құжаттарды ұсыну жеткілікті. Себебі олар түпнұсқаға теңестірілген, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен өзара әрекеттесу кезінде қолданыла береді.
2022-2023 жылдары халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезектерді азайту үшін екі жоба іске қосылған болатын. Олар құжаттандыру терминалы және ХҚКО қызметкерлерінің азаматтарды құжаттандыруы.
"Құжаттандыру терминалы" - бұл биометриялық жүйемен, фотосурет функциясымен және түсінікті интерфейспен жабдықталған өз-өзіне қызмет көрсетуге арналған құрылғы.Оның көмегімен сіз тек өтініш беріп қана қоймай, QR-код арқылы сол жерде төлем жасай аласыз. Ол Астана, Алматы және Көкшетау қалаларында жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап, терминал арқылы барлығы 81 811 адам құжат алды.
"ХҚКО қызметкерлерінің азаматтарды құжаттандыруы" жобасы республикалық маңызы бар қалаларда және еліміздің барлық облыс орталықтарында жүзеге асырылуда. 2022 жылдан, яғни жоба іске қосылған сәттен бастап, кезекте тұру уақыты 120 минуттан 40 минутқа дейін қысқарып, қызмет алушылардың саны артты.
ІІМ Денсаулық сақтау және әділет министрліктерімен бірлесіп, 2023 жылдың маусымынан бастап, жаңа туған нәрестелерге ЖСН беру бойынша жобаны іске асыруда. Қазірдің өзінде 45 281 ЖСН берілді. Жоба жаңа туған нәрестелерді мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерінде есепке қоюға мүмкіндік береді. Бұл балалар саудасының алдын алуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ ол:
- туу туралы куәлік беру;
- аналарға арналған жәрдемақыларды шығару;
- балабақшалар мен мектептерге есепке қою сияқты мемлекеттік қызметтерді алуға көмектеседі.