“Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі”: шымкенттік полицей марапатталды
Шымкенттік жедел уәкіл Александр Ирсалиев марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ-нің ұйымдастыруымен ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді жетік білетін өзге ұлт өкілдері арасында “Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі” атты республикалық іс-шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдеріне қолдау көрсету, олардың іс-тәжірибесін тіл үйренуде қолдану, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, ұлттар арасында татулық пен ынтымақтастықты нығайту, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухын арттыру.
Аталған дөңгелек үстелге Шымкент қаласы полиция департаменті атынан экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы ақпараттық-аналитикалық қамтамасыз ету тобының аға жедел уәкілі Александр Ирсалиев қатысты. Қазақы ортада өскен Александр, орыс ұлтының өкілі болса да, қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді. Іс-құжаттарын қазақ тілінде сауатты жүргізе білетін білікті маман. Шара кезінде оның көрсеткен белсенділігі мен құқық қорғау саласындағы қажырлы қызметі еленіп, Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ҚР ІІМ-нің орынбасары А.Сайтбековтің Алғыс хатын иеленді.
— Мен үшін мемлекеттік тілді білу жұмыста ғана қолданатын құрал емес, сонымен қатар азаматтармен жақсы қарым-қатынас орнатудың бірден-бір жолы. Жұмыс барысында әртүрлі жастағы және ұлт өкілдерімен байланыс орнатып, жұмыс жасаймын. Әңгімелесушімен оның тілінде сөйлессең, өз кезегінде ол бізге деген сенімін нығайтып әрі түсіністік қалыптастырады. Бұдан бөлек, қазақ тілі күнделікті өмірде де көп көмегін тигізеді, өйткені өз тіліңді білу - кез-келген бастамада жаңа мүмкіндіктер сыйлайды, - деп атап өтті Александр Ирсалиев.
Шымкент қаласының тумасы Александр Ирсалиев 2011 жылдан бері Ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Тәртіп сақшысының қазақ тілін еркін әрі сауатты меңгергені ерекше әсер қалдырған.