Мемлекеттік тілді меңгерген офицер – елге адал қызметтің үлгісі
Қазақ тілін жан-тәнімен қастерлеп, елге адал қызмет етіп жүрген полиция капитаны Антон Хороших – ұлты басқа болса да, Отанға берік азаматтың жарқын үлгісі. Полиция қызметкері туралы ақпаратты Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Қазақстан – түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны. Бұл жерде бірлігі бекем, татулығы терең халық бейбіт аспан астында ғұмыр кешіп, әрқайсысы өз еңбегімен елдің дамуына үлес қосып келеді. Солардың ішінде өмірін адал қызмет пен ел қорғауға арнаған азаматтардың бірі – полиция капитаны Антон Хороших.
Антон орыс-кәріс отбасында дүниеге келгенімен, қазақы ауылдың ортасында өсіп, жастайынан қазақ тілін естіп, ұлттық дәстүрмен сусындады. Бүгінде ол өзін тек кәсіби полиция қызметкері ғана емес, қазақ халқының тілі мен мәдениетін мақтан тұтатын азамат ретінде көреді.
– Қазақ тілі – менің мақтанышым. Оны арнайы оқып үйренген жоқпын, бұл – жанымның тілі, бала кезімнен айналамдағы адамдардың тілі болды. Қазір қазақша ойлаймын, қазақша сөйлеймін, балаларым да қазақша сөйлеп келеді. Өз халқыңмен бір тілде сөйлесу – баға жетпес бақыт, – дейді тәртіп сақшысы.
Оның айтуынша, қазақ тілі өміріндегі ең үлкен қазынаға айналған. Бұл тіл оған кәсіби қызметте де, отбасында да қуат береді. – Қазақ тілі – туған жерге деген сүйіспеншіліктің айнасы. Қазақша сөйлеу – Отанды шын жүректен сүюдің белгісі. Мен өз елімнің бір бөлшегі екенімді дәл осы тіл арқылы сезінемін, – дейді ол.
Антон Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін тәмамдаған соң, құқық қорғау саласын таңдады. 2018 жылдан бері офицерлік шен тағып, Атырау облысы полиция департаментінде қызмет атқарып келеді. Әріптестері оны адалдығы, әділдігі және халықпен де, қызметтестерімен де жылы қарым-қатынас орната білетіндігі үшін құрметтейді.
Қызметтен тыс уақытта Антон спортпен шұғылданады: кикбокстан спорт шеберіне кандидат, жүзуден де жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Алайда оның ең үлкен жетістігі – отбасы. Жұбайымен бірге арыстандай үш ұл тәрбиелеп отыр. Үйде қазақша сөйлеп, балаларына ұлттық құндылықтар мен отансүйгіштік рухын дарытуды басты мақсат еткен.
Антон Хороших – ұлты басқа болса да, мемлекеттік тілді жүрегімен қабылдап, елге адал қызмет етіп жүрген азамат. Оның өмір жолы – Қазақстандағы халықтар достығының, тілге деген құрмет пен Отанға беріктіктің жарқын үлгісі.