"Мен полицей боламын": Абай облысында ҚАЖД қызметкерлерінің балалары арасында шығармашылық байқау өтті
Абай облысында ҚАЖ қызметкерлерінің балалары арасында шығармашылық байқау өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы қауіпсіздігі аралас мекемеде қызмет атқаратын құқық қорғау органдары қызметкерлерінің балалары арасында "Мен полиция боламын" тақырыбында сурет салу бойынша шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Балалар бойындағы шығармашылық қабілеттерді дамытуға бағытталған бұл іс-шара – болашаққа үмітпен қарауға мүмкіндік беретін, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін жарқын бастама болды.
Байқауға 6-11 жас аралығындағы сегіз ұл мен қыз қатысып, өз армандарын ақ параққа бейнелеуге тырысты. Алғашқы кезеңде балаларға ата-аналары мен мекеме қызметкерлері сұрақ-жауап форматында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, полиция қызметінің қыр-сырын әңгімелеп берді.
Одан соң жас суретшілер өз ойларын қағазға түсіруге кірісті. Шешуші кезең — суретті бояу кезеңі — балалар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де ерекше толғанысты сәт болды. Бұл сәтте оларға ата-аналары қолдау көрсетіп, кішкене ақауларды түзетуге көмектесті.
Суреттерді кептіру уақытында балалармен логикалық ойындар ұйымдастырылып, олардың көңілі көтеріліп, достық ахуал орнады. Жалпы байқау жылы әрі шабытты атмосферада өтті.
Мұндай іс-шаралар буындар сабақтастығын нығайтып, құқық қорғау қызметінің жас ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін терең сезінуге ықпал етті.
Байқаудың басты мақсаты — балалардың шығармашылық әлеуетін ашу ғана емес, сондай-ақ полиция қызметіне деген құрметті қалыптастыру, ата-аналарының күнделікті қоғам тыныштығын сақтау жолындағы еңбегіне мақтаныш сезімін ояту болды.
Жас суретшілердің әрбір туындысы шынайылықпен, жүректен шыққан бала армандарымен көмкерілді. Бірі – анасы не әкесі көмек көрсетіп жатқан сәтті бейнелесе, екіншісі – қылмыскерді ұстау көрінісін, енді бірі – қызметтік итпен бірге жүрген полицейді қағаз бетіне түсірген. Ерлік, әділеттілік, батылдық сияқты қасиеттер балалардың қолынан шыққан суреттерде жарқын бояулармен бедерленіп, болашаққа деген сенім мен үмітпен өрілді.
Байқау қорытындысында әділқазы алқасы жеңімпаздарды анықтауда қиындыққа тап болды, себебі әрбір жұмыс өзіндік ерекшелігімен бағалы еді. Барлық қатысушыларға естелік грамоталар мен сыйлықтар табысталды. Ал үздік деп танылған жұмыстар мекеме ғимаратының арнайы стендіне қойылды.
— Мұндай байқаулар – балалар үшін өзін көрсетуге мүмкіндік беретін ғана емес, сонымен қатар олардың бойында патриоттық рухты, моральдық құндылықтарды қалыптастыратын маңызды шара. Балалар ата-аналарының еңбегін бағалауды үйреніп, құқық қорғау саласында қызмет етудің маңыздылығын терең түсінді. Бәлкім, бүгінгі шығармашылық сәт – олардың болашақ кәсібіне деген алғашқы қадамы болған шығар, – деді мекеме басшысы Аслан Нұрбеков.