"Менің әкем – полицей": Қызылордада сурет көрмесі ұйымдастырылды
Қызылордада "Менің әкем – полиция қызметкері" акциясы өтті. Акция аясында полиция қызметкерлері балаларының арасында сурет көрмесі ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты — отбасылық құндылықтарды дәріптеу, балалардың бойында полиция қызметіне деген құрмет пен сенімді қалыптастыру, сондай-ақ қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәртіп сақшыларының рөлін арттыру.
Бұл күні жас суретшілер өздерін суретші ретінде қабілеттерін байқап көріп, түрлі-түсті қаламмен асфальтқа сурет салуға мүмкіндік алды. Балалар ғимарат ауласын есте қаларлықтай қызықты суреттермен толтырды. Еліне, жеріне, отбасына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімдерін көрсетіп, "Менің әкем - полиция қызметкері" деп мақтанышпен айтты.
Сурет көрмесіндегі балалардың қолынан шыққан тамаша туындылар көрермендер назарына ұсынылды. Акция барысында балалар құқық қорғау саласының күнделікті тыныс – тіршілігімен танысып, полицейлердің жауапты қызметіне куә болды. Сондай-ақ оларға қызметтік иттермен жұмыс жасайтын кинологтардын көрсетілімдері ұсынылды.
Сонымен қатар заманауи техника көрмесі мен оқу қаруымен өткізілген тәжірибелік сабақтар балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Шара барысында балалар тәртіп сақшылары қызметінің қыр – сырын біліп, түрлі сұрақтар қойып, ашық әңгімелесті.