Мергендік пен күш: Өскеменде үздік атқыштар анықталды
3477 әскери бөлімінің оқу полигонында жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Турнир "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығы мен Қазақстан полициясы күніне арналған.
Жарыста тәртіп сақшылары мергендікпен ғана емес, сонымен қатар төзімділік пен командалық үйлесімділікпен ерекшеленді. Әйелдер арасында бірден көзге түскен — Өскемен қалалық полиция басқармасының конвой қызметінің полицейі Самира Солтанғазина болды. Ол 9 мм ПМ тапаншасынан ату бойынша жеке есепте бірінші орынды иеленді.
Ал ерлер арасында ең дәл атушы болып Ертіс аудандық полиция бөлімінің УПИ қызметкері Тимур Хасенов танылды. Оның нысананы дәл көздеуі мен оқ ату кезіндегі сабырлылығы өзге қатысушыларды таңғалдырды.
Командалық есеп бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
1-орын — Өскемен қалалық полиция басқармасының командасы.
2-орын — Глубокое аудандық полиция бөлімінің командасы.
3-орын — Үлбі полиция бөлімінің командасы.
Бұл жарыс тек кәсіби шеберлікті сынау ғана емес, сонымен қатар дене дайындығының, ұйымшылдықтың және қызметке адалдықтың маңыздылығын еске салды. Сондай-ақ бұл – әріптестердің күнделікті қарбаластан тыс жерде кездесіп, бір-бірін қолдап, ұжымдық бірлікті сезінуге таптырмас мүмкіндік болды.