Метро жолаушыларының қауіпсіздігі — басты назарда
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен Алматы метрополитенінің аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға метрополитен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, төтенше жағдайлар департаменті, қалалық мобильділік басқармасы және басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін техникалық базаны дамыту, бейнебақылау жүйелерін жетілдіру және заманауи ақпараттық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Метро нысандарын одан әрі цифрландырудың, сондай-ақ жедел әрекет ету және азаматтарды ақпараттандыру мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл және метродағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді тәсілдерін әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Арыстанғани Заппаров Алматы метросының күн сайын мыңдаған жолаушы тасымалдайтынын атап өтті.
— Оның тұрақты және қауіпсіз жұмыс істеуі — біздің бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Барлық қызметтің күш-жігерін үйлестіру қала тұрғындары мен қонақтары үшін барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасайтынына сенімдімін, — деді Арыстанғани Заппаров.
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныс әзірленді, олар жүйеленіп, Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылды.
Барлық тартылған құрылымның сындарлы өзара әрекеттесуінде метрополитеннің қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады.