«Мигрант» іс-шарасы: Қарағанды облысында 11 шетелдік жауапкершілікке тартылды
Қарағанды облысының аумағында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6-12 желтоқсан аралығында Қарағанды облысының аумағында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Қарағанды қаласының Октябрь полиция бөлімінің қызметкерлері базарларды, құрылыс нысандарын Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз жүрген және жұмыс істейтін шетелдіктердің бар-жоғын тексереді.
Осылайша, шара өткізілген үш күн ішінде полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 11 шетелдікті жауапкершілікке тартты. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді қабылдайтын облыстың 10 тұрғыны анықталды.
Сондай-ақ, Октябрь ПБ қызметкерлері соттың елден шығару туралы қаулысын орындамай, аудан аумағында жасырынып жүрген екі шетелдікті анықтады. Заң бұзған екі шетелдікті шекараға дейін апарып, ел аумағынан шығарды.