Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Міндет пен махаббат қатар өрілген шаңырақ

Полицей отбасы қызмет пен өмір жолы жайында баяндап берді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жезқазған қалалық полиция басқармасында ерекше бір отбасы бар. Олар – Алмас Тайғараев пен Дина Досанова. Екеуі де полиция қатарында ел тыныштығын қорғауға үлес қосып, қоғамға қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Алмас Тайғараев 1990 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген, бүгінде Жезқазған қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция ротасында қызмет етеді. Оның күнделікті міндеті – қала көшелерінің қауіпсіздігін, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету. Таң атпай басталатын жұмысы тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созуға бағытталған. Алмас үшін әр күн – жаңа сынақ, жаңа жауапкершілік.

Алмастың жары Дина Досанова 1991 жылы Ұлытау ауданының Алғабас ауылында туған. Ол Жезқазған қаласы полиция басқармасының ақпараттандыру және байланыс тобының технигі болып жұмыс істейді. Динаның қызметі құқық қорғау органдарының үздіксіз жұмысы үшін аса маңызды. Ол ақпарат алмасу мен байланыстың тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне және қажетті ақпаратты уақытылы алуына жағдай жасайды. Оның жұмысы көрінбесе де, полицияның тиімділігі үшін өте маңызды. Динаның арқасында барлық ақпарат ағыны үздіксіз жұмыс істеп, шұғыл жағдайларда дер кезінде шешім қабылдауға мүмкіндік туады.

Алмас пен Дина – тек әріптестер ғана емес, сонымен қатар бақытты шаңырақ иелері. Олар Төреғали және Димаш есімді екі ұл тәрбиелеп отыр. Полиция қызметіндегі ауыр міндеттерге қарамастан, олар балаларына да жеткілікті көңіл бөліп, үлгілі ата-ана атанып жүр. Бұл полицейлер отбасы өздерінің қызметімен қатар, Жезқазған қаласының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру