Міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген учаскелік полицей
Учаскелік полицейдің басты міндеттерінің бірі – азаматтармен күнделікті байланыс. Осынау міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген павлодарлық полицей Серік Мергенов туралы бүгін Polisia.kz сайтының редакциясы әңгімелеп бермек.
Тәртіп сақшысы Серік Мергенов Ақкөл ауылдық округіне қызмет көрсетеді. Оның учаскесінде 1 011 адам тұрады. Олар – Ақкөл, Зеленая роща және Жақсат ауылдарының тұрғындары. Екібастұз қаласы әкімдігінің орталығынан қашықтығы 84 км.
Серік Мергенов ауылдық учаскелік полиция инспекторы болмас бұрын, 12 жылдық қиын, бірақ баға жетпес тәжірибеден өтті.
Гумилев атындағы Еуразия гуманитарлық институтын және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі қызметін аяқтағаннан кейін 2007 жылы Екібастұз қаласы ІІБ криминалдық полициясының жедел уәкілі болып ІІО-ға қызметке кірді.
Кәмелетке толмағандар жөніндегі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарды. 2019 жылы Екібастұз қаласы ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы лауазымына тағайындалды.
Ақкөл ауылы оның туған жері болғанымен, Серік Мергеновқа әкімшілік учаскені жаңа қызмет көрсету аумағы ретінде зерттеуге тура келді. Өйткені ауылдың учаскелік полицейі әр тұрғынды жете тануы керек. Әр түрлі жағдайларда кім өзін қалай ұстайтынын түсіну, отбасылық қиыншылықтар мен құқық бұзушылықтар орын алған адамдардың мәселелерін шешу қажет болады.
Учаскелік полиция қызметкерінің алдына қойған басты мақсаты халықтың сенімі мен құрметіне ие болу.
– Отбасыларға жиі бара бермесек те, бірақ адамдарды ұмытпаймыз, байланыста боламыз. Қалай болғанда да біз адамдарға күнделікті көмектесеміз. Отбасылық жанжалдарды тоқтатамыз, ұрлықты ашамыз, ұрланған заттарды иелеріне қайтарамыз. Есепте тұрған адамдармен профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Менің қызмет атқарған жылдарымда полицияда зейнеткерлер үйде жалғыз қалып, өздері тұра алмайтын жағдайлар болды. Есікті бұзып, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Учаскелік инспектордың басты міндеттері – құқық бұзушылықтың күнделікті алдын алу, адамдармен байланыс, олардың мәселелерін шешуге көмектесу. Мәселен қыс айларында ауылдық округ әкімімен бірге тас жол бойында пайда болған өткелдерге жиі шығып, халыққа көмектесетінбіз. Үй-үйді аралап тексереміз. Ауылдық учаскелік полиция инспекторы болу дегеніміз – ауылдағы барлық оқиғалардан, мерекелерден, түрлі жаңалықтардан хабардар болу. Ең алдымен тұрғындарды құрметтеу. Өйткені олай болмаған жағдайда өзара сыйластық пен сенімге қол жеткізе алмайсың. Дәлірек айтсақ, жергілікті тұрғындардың қолдауы табысты жұмыстың басты шарты, – дейді учаскелік инспектор Серік Мергенов.
Жұмысының қиындығына қарамастан Серік Салықұлы отбасына да уақыт табуға тырысады. Жұбайы Қарлығашпен бірге үш қыз және бір ұл бала тәрбиелеп отыр.
– Менің хоббиім домбыра тарту. Бала кезімнен домбыраны жақсы көремін және ұлттық аспапты ойнай алатын адамдарды қатты құрметтеймін. Мектепте домбырада ойнайтын үйірмелерге қатыстым, – деп толықтырды полицей.