Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Министрдің орынбасары Айдар Сайтбеков Алматы академиясында бірқатар маңызды іс-шараға қатысты

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Алматы академиясында бірқатар маңызды іс-шараға қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Алматы академиясында "Полицияда бір күн" атты ерекше шара өтті. Бұл жоба жастарға ішкі істер органдарының жұмысымен етене танысуға мүмкіндік берді. Іс-шара ҚР ІІМ, Германиялық GIZ қауымдастығы және ІІМ Алматы академиясының бірлескен бастамасымен ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және полицияға деген сенімді арттыру.

Осы күні қатысушылар өздерін полиция қызметкерінің рөлінде сезініп, кәсіби тренингтерден өтті. Олар криминалистикалық полигондағы жұмыс барысымен танысып, қылмыспен күресте заманауи технологиялардың маңызын киберполигон мысалында көре алды.

Іс-шараға арнайы келген ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков полиция мен жастар арасындағы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

- Жастар – біздің болашағымыз. Қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы олардың белсенді азаматтық ұстанымдарына да байланысты. Бәлкім, болашақта кейбірі құқық қорғау органдарына қосылып, ел игілігіне қызмет етер. Ал ең бастысы – бәріміз бірлесіп, қауіпсіз қоғам құруға атсалысуымыз қажет. Бұл – ортақ жауапкершілік, – деді Айдар Сайтбеков.

Сондай-ақ шараға GIZ Герман қауымдастығының өңірлік бағдарламасының жетекшісі Штефан Бухмайер және Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин қатысып, ашық әрі кәсіби полиция құру жолындағы осындай жобалардың маңызын атап өтті.

ҚР ІІМ мен GIZ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сол күні ҚР ІІМ мен Германиялық GIZ қауымдастығы ауқымды халықаралық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұған дейін екі тарап өзара келісім аясында бірқатар ірі шараны жүзеге асырды. Ал жаңа меморандум – уақыт талабына сай ынтымақтастықтың жалғасы.

Келісім аясында полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, халықаралық тәжірибе алмасу және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылатын болады. Әсіресе, жастармен жұмыс пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға басымдық беріледі.

Әлеуметтік медиа және этносаралық қатынастар: өзекті мәселелер талқыланды

Сондай-ақ жоба шеңберінде академияда "Әлеуметтік медиа және этносаралық қатынастар: мәселелер мен шешу жолдары" тақырыбында ІІО қызметкерлеріне арналған семинар өтті. Бұл іс-шараға Айдар Сайтбеков төрағалық етті.

Семинар барысында әлеуметтік медианың этносаралық ахуалға әсері, экстремистік идеялардың таралу қаупі және олардың алдын алу жолдары талқыланды. Қатысушылар интернет кеңістігіндегі қауіптерге қарсы тиімді шараларды әзірлеу бойынша өзара пікір алмасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру