Министрдің орынбасары Айдар Сайтбеков жұмыс сапарымен БҚО-ға барды
Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жұмыс сапары аясында Айдар Сайтбеков Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жұмысын тексерді. Сондай-ақ министрдің орынбасары ішкі істер органдарының ардагерлерімен, тәлімгерлермен, департамент басқармалары мен бөлімдерінің басшыларымен кездесті. Кездесу барысында А.Сайтбеков Мемлекет басшысының ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдына қойған міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталып, министрліктің талаптарын жеткізді.
– Полиция қызметінің негізгі бағыты – азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау және қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Полиция қызметкері заңды біліп, оны іс жүзінде шебер қолдануы керек. Ал басшылар жас офицерлерге үлгі болуға тиіс, – деп атап өтті Айдар Сайтбеков.
Сонымен қатар министрдің орынбасары полицияның бірінші басшылары арасында мемлекеттік тілді білу және қолдануға ерекше назар аударды.
Сапар соңында Сайтбеков облыстық ПД басшылығына қылмысқа қарсы күресте нақты тапсырмалар берді.