Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мінсіз қызметтің формуласы: тектілік, тәртіп, табандылық

Полицияда қызмет ету — бұл жай ғана мамандық таңдау емес. Аға лейтенант Санжар Бекен үшін бұл жол алғашқы погон алған сәттен әлдеқайда бұрын басталған. Оның отбасында форма тек міндет емес, ол — абырой, жауапкершілік пен ұрпақтан-ұрпаққа берілетін өмірлік ұстаным. Polisia.kz сайты антына адал жандар жайлы ақпарат ұсынады.

Саденовтар әулеті — қызметті жүрекпен таңдаған жандардың отбасы. Атасы, полковник Бекен Саденов, ұзақ жылдар бойы Қарағанды жоғары милиция мектебінде (қазіргі Б.Бисенов атындағы ІІМ академиясы) қаржы бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарды. Оның жолын жалғаған ұрпағы да осы саланың биігіне бет бұрды. Әкесі — капитан Рүстем Саденов Қарағанды қалалық қаржы полициясында еңбек етіп, әділдіктің ақ жолын таңдады. Ағасы — лейтенант Дулат Саденов, жедел қызмет саласында өз ісінің майталманына айналды.

Бұл тағылымды жолды бүгінде Санжар Саденов жалғастырып келеді. 2017 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқан ол — бүгінде Павлодар қалалық Орталық полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобында криминалист болып еңбек етуде.

Санжардың жұбайы — Айдана Бекен де құқық қорғау саласында, Павлодар қаласындағы Солтүстік полиция бөлімінің тергеушісі. Қазіргі таңда ол ана атанып, декреттік демалыста.

Бұл — жай ғана отбасы емес. Бұл — патриотизмнің, адалдықтың, ұрпақ сабақтастығының нағыз көрінісі. Саденовтар әулетінің тағдыры жас қызметкерлерге өнеге боларлық. Олар үшін полицей формасы — құрметтің, абыройдың, сенімнің нышаны.

Әрбір ауысымда, әрбір кезекшілікте, әрбір сараптамада тек кәсібилік емес, жүректен шыққан мақтаныш, отбасы сенімі және Отан алдындағы адал борыш жатыр.
Қызмет — бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл — жүрекпен жасалған, ар-намыспен қабылданған таңдау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру