Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ММА-дан спорт шебері – полиция сапында

Түркістан облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция капитаны Айбек Ерметов – спорт пен қызметті қатар алып жүрген азамат. Ол бокстан спорт шебері атанып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап қана қоймай, ММА жекпе-жектерінде де үздік нәтижелер көрсетіп жүр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Айбек Ерметов 1994 жылдың 12 шілдесінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол спортқа 14 жасынан қызығушылық танытып, 2008 жылы Ататүрік мектебіндегі бокс үйірмесіне қатыса бастайды. Тынымсыз еңбегі мен табандылығының арқасында жас спортшы 2012 жылы Арменияда өткен әлем чемпионатында жүлделі орын иеленіп, бокстан спорт шебері атағын алады. Келесі жылы Қазақстан чемпионы атанып, сол 2013 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатында да жеңіске жетеді. Бұдан бөлек, Украина және өзге де шетелдік жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдайды.

Полиция қатарындағы еңбек жолын Айбек 2020 жылы бастады. Қазіргі таңда Түркістан облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ құрамында арнайы мақсаттағы бөліністе инспектор, полиция капитаны болып қызмет атқарып келеді.

Спорттан қол үзбеген Айбек жуырда өткен ММА жекпе-жегінде қырғыз қарсыласын небәрі 39 секундта нокаутқа жіберіп, жеке рекорд орнатты. Бүгінде оның кәсіби көрсеткіші – 4:0. Ол тәжірибелі спортшылардың қатарында ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Айбек Ерметов тек республикалық емес, Ресей мен Өзбекстанда өткен халықаралық жарыстарда да топ жарып, чемпион атанып, ел мерейін үстем етті.

Жауынгерлік дайындық пен спортты қатар алып жүрген полиция капитанының жетістіктері – жас ұрпаққа үлгі. Тәртіп сақшысының өз елінің патриоты ретінде спортта да, қызметте де биіктен көрінуі – қуантарлық жайт.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру