Молдовалық көп балалы отбасыға көмек көрсетілді
Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон полицейлері карантинде қиын жағдайға тап болған молдовалық көп балалы отбасыға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментіндегі көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері карантинге байланысты Петропавл қаласында қалуға мәжбүр болған Молдова Республикасының азаматтарына көмек көрсетті.
Төтенше жағдай мен шектеу шаралары енгізілген уақыттан бастап СҚО Полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев жеке құрамның тұрғындарға жан-жақты көмек көрсету қажет екенін атап өтті. Соңғы апталарда өңір сақшылары жол үстінде қалған ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне, перинаталдық орталықтан нәрестесін шығару үшін шалғай ауылдан келе жатқан ауыл тұрғынына көмектесті. Сақшылардың осындай көмегі жерлестеріне ғана емес, Молдова Республикасының азаматтарына да шұғыл қажет болды.
Қазақстан аумағында уақытша тұруға рұқсат алған молдовалық көп балалы отбасы Павлодар қаласынан Петропавл арқылы Ресей Федерациясына бағыт алған. Қазақстан аумағында карантин жариялануына байланысты сапарларын жалғастыра алмай Петропавлда қалуға мәжбүр болған. Отбасында жеті ересек пен бес бала бар.
Ақшалай қор таусылған соң олар жергілікті жұртшылық өкілдері мен қалалық газеттің редакциясына жүгініп, көмек сұрайды. Отбасының жағдайы туралы хабар полицияға да жетті.
Сақшылар көп ойланбастан алғашқылардың бірі болып көмекке келді. Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері бұған дейін келіп, қажетті кеңестерін беріп, байланыс телефондарымен алмасқан еді. Бұл жолы олар гигеналық заттар, памперстар мен азық-түлік әкелді. Осындай қолдауға қуанған шетелдік меймандар ризашылықтарын білдірді.
«Қазақстан халқы өте қонақжай екен. Қолымызда кішкентай балаларымыз бар. Соны көріп алғашқы күннен-ақ осындай қиын сәтте бізге көмектесті. Баспана мәселесін шешіп берді. Біз өте ризамыз. Рахмет!», – дейді Молдова Республикасының 38 жастағы азаматы Артур Шербан.
Облыста карантин енгізілгеніне бір айға жуықтады. Отбасы барлық қиындықтарға төзіп келеді. Қуанышты күн алыс емес. Осы күнді тағатсыздана күтіп жүрген балақайлар ата-аналарымен бірге төтенше жағдай аяқталған соң елдеріне қайтпақ. Жалпы, Көші-қон қызметі басқармасының ақпаратынша, Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 5500-ден астам шетелдік тұрақты түрде тұрып жатыр екен. Олар негізінен Ресей Федерациясының азаматтары.