Моншада телефон ұрлаған шетел азаматы қолға түсті
Түркістан полицейлері моншада телефон ұрлаған шетел азаматын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданады. Ол Майлықожа көшесінің бойында орналасқан моншаның ішінде еден жуып жатқан кезінде, белгісіз біреу оның Samsung А-32 ұялы телефонын жымқырып кеткенін көрсеткен. Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі – 70 мың теңге.
Тәртіп сақшылары ұрыны анықтауға бірден іске кірісті. Полицейлер ұрлық орын алған моншаны, оған жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Бейнебақылау камералары тыңғылықты тексерілді. Монша қызметкерлерінен, куәлардан жауап алынды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол осы моншаға келуші Өзбекстан елінің азаматы болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті азамат үстел үстінде тұрған телефонды көріп, арам ойын жүзеге асырмақ болып жымқырған. Бүгінде қолды болған ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздеріңізге тиесілі сауда орындарын, басқа да ойын-сауық мекемелеріне арнайы дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді. Егер де сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.