Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Мүгедектікке шығарып беремін”: Түркістанда бұрынғы емхана қызметкері ұсталды

Түркістанда “мүгедектікке шығарып беремін” деп тұрғындарды алдаған бұрынғы емхана қызметкері ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістандық тәртіп сақшыларына арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғандығын жеткізді. Әйелдің айтуынша, оны 2020 жылдың қараша айында қаладағы емханалардың бірінде мейірбике болып жұмыс істейтін танысы “мүгедектікке шығарып беремін” деп, 160 мың теңгесін алған. Алайда жылға жуық уақыт аралығында түрлі сылтау айтқан танысы не ақшасын қайтармайды, не берген уәдесін орындамайды. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Түркістан ҚПБ-ның тәжірибелі тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен күдікті әйелді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ретінде бала күтіміне байланысты үйде демалыста отырған бұрынғы емхана қызметкерін анықтап, оны ПБ-ға жеткізді. Белгілі болғандай, күдікті алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары әйелдің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.

Бүгінгі таңда, мемлекеттік жеңілдетілген жәрдемақыларды алып беремін деп алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, соңында полицейлердің көмегіне жүгініп жатқандар көбеюде. Сондықтан, Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мұндай алаяқтардан мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін ескертеді. Егер де, сіз, осындай қылмыстардың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісі “102” нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру