"Нашақорлық – қоғам дерті": Ақтау жастары нашақорлыққа қарсы күресте бірікті
Ақтау қаласында 26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай, жастар арасында маңызды кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Игі шараны Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығы қолға алып, оған "Жасыл ел" еңбек жасағының жас өрендері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің адам денсаулығына, психологиясына және қоғамға тигізетін зардабын ашып көрсету болды.
Жастармен ашық әңгіме жүргізуге өз саласында тәжірибесі мол мамандар шақырылды. Атап айтқанда, Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Токанов және Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Ақылбек Зиноллин жастарға нашақорлықтың қауіпті салдары туралы жан-жақты мағлұмат беріп, нақты мысалдар келтіре отырып баяндама жасады.
Шара аясында қатысушылар есірткімен күресте қолданылатын заманауи әдіс – қызметтік иттердің қатысуымен өткен тәжірибелік көрсетілімді тамашалады. Кинолог мамандар жасырылған есірткі затының табылу процесін көрсетті. Қызметтік иттің дәл әрі шапшаң әрекеті жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Кездесу соңында жастар мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды. Мұндай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жастардың санасына салауатты өмір салтының маңызын сіңіріп, қоғамды нашақорлық індетінен қорғауда маңызды рөл атқаратыны анық.