Нашақорлықпен күрес — баршаға ортақ міндет
Қазіргі таңда нашақорлық бүкіл адамзатты алаңдатып отырған жаһандық мәселелердің бірі. Қостанай облысындағы нашақорлыққа қарсы күресте атқарылып жатқан шаралар жайында мен Абдалимова Қымбат толығырақ баяндаймын.
Есірткіге тәуелді адамдар мен осы кеселге байланысты қылмыс көрсеткіші жыл сайын өсіп барады. Ал бұл жағдай қоғамның әр мүшесін бейжай қалдырмауы тиіс. Мемлекет басшысы: “Біз есірткіні есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады” деген еді. Осы орайда Қостанай облысы есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы үздіксіз жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек еткеніміз дұрыс.
Бүгінде Қостанай облысында есірткі қылмыстарына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Облыстық ЕҚҚКБ қызметкерлері осы жылдың басынан бері 137 есірткі қылмысын әшкереледі. Аталған құқық бұзушылықтардың 35-і есірткі тарату қылмысына қатысты болса, заңсыз айналымнан 37 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Ал құқық қорғау органдарының айтуынша, бұл қылмыстың бірден бір қозғаушы күші – жастар.
— Нашақорлық — бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі болып тұр. Себебі, бұл қылмысқа көбіне жастар барады. Соңғы 3 жылдың ішінде кәмелетке толмағандардың бұл қылмысқа баруы жиіледі. Оның басты себебі — оңай табыс көзі, - дейді Қостанай облысы ПД ЕҚҚКБ аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова.
Есірткіге бір рет қызығушылық танытқан адам көбіне оның торына қалай ілініп қалғанын білмей қалады. Бұл кеселге тәуелді болған тұлға өз денсаулығына ғана емес, сонымен қатар айналасындағыларға да зиянын тигізеді. Сол үшін облыста полиция қызметкерлері күнделікті рейдтер мен профилактикалық шаралар жүргізіп, жастармен кездесулер өткізіп, оларды есірткінің зияны туралы ақпараттандыруда.
Қостанай облысында есірткі қылмысына қарсы күреске қатысты осы жылдың басынан үш ірі акция ұйымдастырылды. Бұл акциялар тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, облыс тұрғындарының, студенттердің назарын аударып, есірткіге қарсы ортақ күрестің маңыздылығын көрсетеді. Қоғамды акцияға тартудың нәтижесінде 300-ге жуық граффити жазуы жойылды. Сонымен қатар 1500 студенттің қатысуымен ауқымды форум өткізілді. Аталған іс-шаралардың басты мақсаты — нашақорлық және есірткі секілді ғасыр індеттері туралы толық мағлұмат беру, тыңдаушыларға адамзат ұрпағына төніп тұрған зиянды әдеттердің зардаптарын түсіндіру, оларды аулақ болуға шақыру, адамгершілік жөнінде және құқықтық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау.
Айта кетейік, 2025 жылғы 18 наурыз Қостанай облысының полиция департаментінде маңызды іс-шара өтті. Ол есірткі қылмысына қарсы күрестегі жаңа қадам болды. Яғни, есірткі құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Бұл кеңеске 15 адам мүше болып тағайындалды, олардың ішінде блогерлер, әлеуметтік белсенділер, оқу орындарының ректорлары мен қоғам қайраткерлері бар. Кеңестің басты мақсаты - есірткімен күресуге бағытталған шараларды күшейту, жастарға бұл зиянды әдеттің қауіптілігін түсіндіру. Бұл кеңес нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың және медиа тұлғалардың күш-жігерін біріктіруде.
— Біз есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың салдарымен жиі күресеміз, алайда бірінші кезекте алдын алу шараларына баса назар аудару қажет. Қоғамдық ұйымдардың қатысуынсыз бұл мәселені шешу өте қиын, — деді Қостанай облысы ПД Ерлан Файзуллин.
Қостанай облысы Психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігері Шолпан Ахметова жасөспірімдер арасында нашақорлықтың өсуіне ықпал ететін бірнеше факторларды атап өтті. Ол яғни, ішкі мотивацияның болмауы және әлеуметтік медианың теріс әсері, жастық философия және табысқа жетудің "оңай жолдарын" іздеуге деген ұмтылыс. Бұл ретте басты мәселе – отбасында тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлінбеуі. Баланың кіммен араласып, қандай ортада жүргенін білмеу ертеңгі күні орны толмас өкінішке айналуы мүмкін. Отбасындағы түсініспеушілік, ата-ана мен бала арасындағы рухани алшақтық, әлеуметтік жағдайдың қиындауы – мұның барлығы қоғам деңгейіндегі дағдарысқа алып келеді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының заңнамасы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау, өткізу немесе таратуға қатысты әрекеттерге қатаң жауапкершілік көздейді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабына сәйкес, есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатынсыз иемденіп алу, сондай-ақ олардың заңсыз айналымы үшін:
•айыппұл,
•қоғамдық жұмыстарға тарту,
•бас бостандығын шектеу,
•немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар қарастырылған.
Есірткі заттарын тарату, сату, заңсыз өндіру немесе жасау фактілері Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес аса ауыр қылмыс болып саналады. Мұндай әрекеттер үшін 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал егер қылмыс бірнеше рет, топпен немесе кәмелетке толмағандарға қатысты жасалса, жаза мерзімі 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін. Кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі қылмысы ерекше бақылауда. Заңнамада оларға есірткіні тартуға немесе сатуға итермелеген тұлғаларға қатысты жаза да барынша күшейтілген.
Есірткі қылмысына қарсы күрес тек полиция қызметкерлері мен мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес, ол бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әрбір азаматтың, әсіресе жастардың есірткіден алыс болуы, өз өмірін және денсаулығын сақтау үшін маңызды. Сондықтан әрбіріміз қоғам алдындағы жауапкершілігімізді түсініп, нашақорлықтың алдын алу бойынша өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Қостанай облысындағы есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс жалғасады. Бұл бағыттағы шаралар тек жастарды ғана емес, бүкіл қоғамды қамтиды. Сондықтан нашақорлыққа қарсы күресте біз әрдайым бірлесе жұмыс істеуіміз керек.