Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Нашақорлыққа қарсы триатлон": Қостанайда жүзуден марафон өтті

Қостанайда нашақорлыққа қарсы бағытталған ерекше спорттық шара – жүзу марафоны өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұлтты, жауын-шашынды ауа райына қарамастан, шамамен 30 спортшы 6 шақырым қашықтықты жүзіп өтті. Шара "Мохито" жағажайынан басталып, қалалық жағажайда аяқталды.

Жүзуге 15 жастан асқан жасөспірімдер мен ересектер қатысты. Қатысушылардың арасында №1 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Никита Белашов та болды. Ол былтырдан бері триатлонмен айналыса бастағанын айтып, шараға қатысқанына қуанышты екенін жеткізді.

Облыстың триатлон бойынша аға жаттықтырушысы Юрий Гринев триатлонды өмір философиясы деп атап, бұл спорт түрі арқылы жастарға дұрыс бағыт көрсетудің маңызын айтты.

Жүзу барысында спортшылар қысқа үзілістер жасап отырды. Қауіпсіздікті құтқарушылар қамтамасыз етті. Мәре сызығында қатысушыларды полиция қызметкерлері қарсы алып, "Есірткіге жол жоқ!" ұранымен арнайы жейде мен бас киімдер табыстады.

Полиция департаментінің өкілі Айгүл Ерадилованың айтуынша, жастарды қызықтыратын осындай форматтағы шаралар нашақорлықпен күресте тиімді болмақ. Биыл облыста 47 келіден астам есірткі тәркіленген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Мақсат — жастарға салауатты өмір салтының маңызын ұғындыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру