Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары

Бүгін Үкіметте Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жобаның негізгі мақсаты – есірткінің (синтетиканың) қауіпті түрлеріне сұранысты қысқартуға және таралу арналарының жолын кесуге, есірткіге тәуелділікті, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер арасында ерте сатыда анықтауға, есірткі тұтынушылардың шынайы есебін қалыптастыруға, материалдық-техникалық жарақтандыруға және уәкілетті органдардың ұйымдық-құқықтық мәртебесін арттыруға бағытталған жалпыұлттық деңгейде жүйелі шараларды қабылдау.

Ведомство басшысы барлық мүдделі мемлекеттік органдар қатысқан Кешенді жоспардың жобасын әзірлеу барысы және оны Парламент Мәжілісінде,  Премьер-Министрдің орынбасары жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының және ІІМ Есірткіге қарсы штабы отырыстарында кеңінен талқылануы туралы айтты.

Бұл жұмысқа 2 мыңнан астам азамат қамтылды, 10-ға жуық үкіметтік емес ұйым тартылды.

Ішкі істер министрі өз баяндамасында Кешенді жоспардың жобасында іске асыру көзделген бағыттарға тоқталды.

Бұл:

– есірткі ахуалын тереңінен талдау және оның даму тенденциясы;

– есірткі айналымын бақылау саласында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;

– жаңа сын-қатерлерге және қазіргі заманғы есірткі қылмысындағы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру;

– нашақорлықтың алдын алу, емдеу және есірткіге тәуелді адамдарды оңалту жүйесін өзектендіру;

– есірткінің және прекурсорлардың заңды айналымын және осы салада сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;

– халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.

Президент Әкімшілігі мен Үкімет аппаратында келісу рәсімінен өткеннен кейін  Кешенді жоспардың жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Премьер-Министріне бекітуге енгізілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру