Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нашақорлыққа жол жоқ: Ақтауда мобильді ақпараттық науқан өтті

Ақтауда "Нашақорлыққа жол жоқ" атты мобильді ақпараттық науқан өтті — шараға Маңғыстау облысы ПД мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтауда "Есірткісіз Маңғыстау" жобасы аясында "Санаңды сақта" атты жастар апталығы басталды. Апталықтың алғашқы күнінде қалада "Нашақорлыққа жол жоқ" тақырыбында мобильді ақпараттық науқан ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында еріктілер қала көшелерін есірткіге қатысты графикалық жазулардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар халық көп жиналатын қоғамдық орындарда тұрғындарға ақпараттық брошюралар мен жадынамалар таратылды. Мұндай үгіт-насихат жұмыстары арқылы нашақорлықтың зияны мен оның алдын алу жолдары туралы жан-жақты түсіндірме берілді.

Науқанға Маңғыстау облыстық полиция департаменті мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері де атсалысты. Олар тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар мен оның салдары туралы ақпаратпен бөлісті.

Жастар апталығының басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында есірткі қолданудың алдын алу. Апталық аясындағы іс-шаралар алдағы күндері де түрлі форматта – семинарлар, кездесулер, спорттық және мәдени шаралар түрінде жалғасын табады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың бойында жауапкершілік пен өмірлік дұрыс таңдау жасау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру