Нашақорлыққа жол жоқ: Қостанай облысында полицейлер спорттық жарыс ұйымдастырды
Полиция қызметкерлері Қарабалық ауданында "Достық" лагерінің балаларымен профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы Қарабалық ауданында орналасқан "Достық" балалар сауықтыру лагерінде "Спортты таңдаймыз — нашақорлыққа жоқ дейміз" ұранымен профилактикалық акция өтті. Іс-шараға Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері қатысты. Мұндай кездесулер лагерьде алғаш рет өтіп жатқан жоқ — бұған дейін де полиция қызметкерлері келіп, балалармен нашақорлықтың зияны мен салауатты өмір салтының маңызы туралы әңгімелескен болатын.
Бұл жолғы кездесу спорттық мерекеге айналды. Қызықты жарыстар, эстафеталар, байқаулар балаларға көптеген жағымды эмоция сыйлады. Лагерьде достық пен бірлік атмосферасы орнады, ал күн соңында жарыс жеңімпаздары естелік сыйлықтарға ие болды. Кеңес құрамына енген Заречный жалпы білім беретін мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерасыл Казыбаев мұндай іс-шаралардың жасөспірімдер үшін аса маңызды екенін атап өтті. Себебі дәл осы кезеңде олардың дүниетанымы мен өмірлік ұстанымдары қалыптасады.
"Достық" лагерінде биылғы жазда облыстың түкпір-түкпірінен келген 7 жастан 16 жасқа дейінгі шамамен 150 бала демалуда. Белсенді демалыстан бөлек, балалар қауіпсіздік ережелері, құқықтық жауапкершілік және есірткі қолданудың салдары туралы маңызды ақпарат ала алады.
— Біз балаларға белсенді демалыс ұйымдастырып қана қоймай, олардың болашақта дұрыс таңдау жасай алуына көмектесетін білім беруге тырысамыз, — деді "Достық" лагерінің директоры Айгүл Ерғалиева.
Қостанай облысы ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ерадилованың айтуынша, жыл басынан бері өңірде ондаған профилактикалық іс-шара өткізілген. Соған қарамастан, былтыр үш студент есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар үшін ұсталған.
— Бұл — алаңдатарлық статистика. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып қана қоймай, күшейтуіміз қажет. Ең бастысы — балалардың санасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру және оларға спорттың, достық пен белсенді өмірдің — дұрыс таңдау екенін көрсету, — деп атап өтті ол.
Мұндай кездесулер — дені сау әрі саналы ұрпақ қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.