“Нашақорлыққа жол жоқ!”: Жетісу облысында есірткіге қарсы акция өтті
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде студенттердің қатысуымен “Нашақорлыққа жол жоқ!” атты акция өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Талдықорған қалалық полиция басқармасының қызметкерлері оқу орнының әкімшілігімен бірлесе ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.
Іс-шараға 200-ден астам студент қатысты. Белсенді жастардың арасынан “Жас қыран” атты топ құрылып, 39 студентке полицияның қоғамдық көмекшісі куәліктері табысталды. Енді бұл студенттер полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында түрлі рейдтік іс-шараларға қатысатын болады.
Сонымен қатар акция барысында кинологтар студенттерге қызметтік иттердің жұмысын таныстырды. Көрсетілім барысында арнайы үйретілген иттер жасырылған есірткі мен жарылғыш заттарды іздеп табу әдістерін көрсетті.
Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық санасын арттырып, есірткі қылмысының алдын алуға және қоғам қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден аулақ болуға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.